АҚШ мемлекеттік департаменті қызметкерлерін жаппай жұмыстан шығара бастады. Мұндай шара президент Дональд Трамп жариялаған федералдық мемлекеттік аппаратты барынша қысқарту кампаниясы аясында жүргізіліп отыр.
АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілінің сөзінше, 1 107 азаматтық қызметкер және 246 дипломатиялық қызмет өкілі жұмыстан кетпек. Үш күн бұрын басым бөлігі конвервативті судьялардан құралған АҚШ Жоғарғы соты Трамп әкімшілігінің мемлекеттік қызметкерлерді жаппай жұмыстан шығару жоспарын мақұлдап, осылайша төменгі инстанция салған тыйымның күшін жойған.
Washington Post басылымының жазуынша, АҚШ мемлекеттік департаменті қызметкерлеріне жұмыстан кететіні жөнінде ескерту-хат электронды пошта арқылы келеді, осыдан кейін олар әкімшілік демалысқа жіберіледі. Дипломатиялық қызмет өкілдері ескерту-хат келгенен кейін - 120 күннен соң, ал азаматтық қызметкерлер 60 күннен кейін ресми түрде жұмыстан шығарылады.
Америка дипломатиялық қызмет қауымдастығы (AFSA) бұл қадамды қатаң айыптап, оны "АҚШ-тың ұлттық мүддесіне қайшы соққы" деп бағалады.
"Әлемде тұрақсыздық орнаған шақта – Украинадағы соғыс, Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің күшеюі және авторитарлық режимдер халықаралық тәртіпке қиындық келтіріп отырған шақта – АҚШ өзінің алдыңғы қатардағы дипломатиялық корпусын қысқартуды жөн көрді. Мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсымыз" деп жазылған AFSA мәлімдемесінде.
Былтыр АҚШ мемлекеттік департаментінде әлем бойынша 80 мыңнан астам адам істеген, 17 700-і – АҚШ аумағында қызмет атқарған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ведомствоны қайта құрылымнан өткізетінін сәуір соңында мәлімдеген. Әлеуметтік желіде жарияланған мақаласында қызметкерлердің 15% қысқартылатыны айтылған.