АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Киевке барды

АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Киевтің орталық теміржол вокзалында өзін күтіп алған Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермакпен амандасып жатыр. 14 шілде, 2025 жыл.

14 шілде күні таңертең АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Украинаға барды. Бұл туралы Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак хабарлады. Ол Келлогты Киевтің орталық теміржол вокзалында өзі қарсы алған.

"Қорғаныс, қауіпсіздікті нығайту, қару-жарақпен қамту, санкциялар, халқымызды қорғау, Украина мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты арттыру – біз талқылайтын тақырып өте көп", – деп жазды Ермак Келлогпен кездесуінің видеосымен қоса жариялаған хабарламасында.

Бұған қоса Ермак "Ресей атысты тоқтатуға ниетті емес" екенін тағы да қайталап айтып, "бейбітшілікке күштеп көндіру – АҚШ президенті Дональд Трамптың ұстанымы, біз бұл тәсілді қолдаймыз" деген.

Кит Келлог өткен аптада Римде Украинаны қалпына келтіру жөніндегі конференцияға барған кезде Киевке ұзақ мерзімді сапар шегуді жоспарлап отырғанын жариялаған.

"Біз дүйсенбі күні Киевке барамыз. Апта бойы сонда боламыз", – деген еді сол жолы Келлог.

9 шілде күні Украина президенті Владимир Зеленский Римде Кит Келлогпен кездескен. Зеленскийдің айтуынша, кездесуде Украинаға АҚШ қаруын жеткізу және Ресейге қарсы санкциялар мәселесі талқыланған.

Батыс басылымдары АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде билікке екінші рет келгелі бері алғаш рет Украинаға әскери көмек пакетін мақұлдамақшы деп хабарлап жатқан шақта Келлог Киевке сапармен барып отыр. "Президенттік шұғыл көмек бастамасы" (Presidential Drawdown Authority) бағдарламасы аясында көрсетілетін бұл көмекті АҚШ президенті Конгрестің мақұлдауын күтпей-ақ, өзі шешім қабылдап, бере алады.

Осы кезге дейін Украина АҚШ-тан бұрынғы президент Джо Байден әкімшілігі кезінде мақұлданған бағдарламалар бойынша бөлінген әскери көмекті алып келген болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Украинаға Patriot кешендері жеткізіледі деп жариялады