13 шілде күні Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Еуропа одағы АҚШ-тың болат пен алюминийге жаңадан кедендік баж салығын салғанына жауап шаралар енгізуге асықпай, АҚШ-пен 1 тамызға дейін сауда келісіміне қол жеткізуге үміттенетінін мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше ай бойы жүргізілген күрделі сауда келіссөздерін тығырыққа тіреді. Ол егер 1 тамызға дейін келісімге қол жеткізілмесе, Еуроодақтан АҚШ-қа келетін тауарларға 30 пайыз баж салығы салынатынын айтты.
"АҚШ бізге келіссөз нәтиже бермеген жағдайда күшіне енетін шаралар туралы хат жолдады. Сондықтан біз де өз тарапымыздан жауап шараларды уақытша тоқтату мерзімін тамыз айының басына дейін ұзартамыз", – деді фон дер Ляйен журналистерге. Бұған қоса ол Еуроодақ қарымта тарифтер енгізуге дайындықты жалғастыратынын айтты.
Еуропа одағы бұған дейін АҚШ-тың жаңа тарифтеріне жауап шараларын енгізуді кідірте тұру мерзімі сейсенбіге қараған түні аяқталуға тиіс болған. Брюссель АҚШ-тың биыл металдарға енгізген баж алымына жауап ретінде шамамен 21 миллиард еуроға (24 миллиард долларға жуық) бағаланатын америкалық тауарларға тарифтер енгізуге дайындалған. Бірақ сәуір айында бұл шараларды енгізуді уақытша тоқтата тұрып, кең көлемді сауда келісіміне қол жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұйғарған еді.
Дүйсенбі күні Еуропа одағына мүше елдердің сауда министрлері Брюссельде жиналып, АҚШ-тың әрекетіне жауапты талқылайды және Вашингтонға қатысты қаншалықты берік ұстаным қажет екенін анықтайды.
Германияның қаржы министрі Ларс Клинґбайль жексенбі күні "АҚШ-пен әлі де байыпты әрі шешімге келетіндей келіссөздер қажет" екенін айтып, егер олар сәтсіз аяқталса, онда Еуроодақ "Еуропадағы жұмыс орындары мен бизнесті қорғау үшін батыл шаралар қабылдауға мәжбүр болатынын" ескертті.
"Біз келісімге ашықпыз, бірақ не болса соған келісе салмаймыз", – деді ол Süddeutsche Zeitung газетіне берген сұхбатында.
Франция президенті Эммануэль Макрон сенбі күні Еурокомиссияны "Еуропаның мүдделерін батыл қорғауға" шақырған.
Бұған дейін АҚШ Еуроодақтан баратын тауарларға тарифті 9 шілдеде 10-нан 30 пайызға дейін көтеруді деп жоспарлаған еді, алайда Трамп бұл шешімді 1 тамызға дейін шегере тұруды ұйғарған. Сенбі күні жариялаған хатында ол мұның себебін АҚШ пен Еуроодақ арасындағы саудада теңгерім болмай отыр деп түсіндірді.