"Мәскеуді бомбалаймын деп ескерттім". CNN Трамптың бұрын Путинге айтқаны жайлы аудионы жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин G20 саммиті кезінде. Осака, Жапония, 28 маусым, 2019 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың 2024 жылы сайлауалды науқан кезінде демеушілерімен өткізген жабық кездесуде айтқан сөзінің аудиосын америкалық CNN телекомпаниясы жариялады. Таспада сөзі жазылған Трамптың айтуынша, ол Ресей президенті Владимир Путинге егер Украинаға басқыншылық жасайтын болсаң, "Мәскеуді бомбалау" жөнінде бұйрық беремін деп ескерткен. Екеуінің әңгімесі Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық жасамай тұрған кезде болған сияқты.

Ақ үй бұл аудиожазбаға байланысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.

Бұған дейін осы аудиожазбаны журналистер Джош Доуси, Тайлер Пейджер және Айзек Арнсдорф та тыңдап, оның мазмұнымен танысқан. Мысалы, былтыр мамыр айында The Washington Post басылымы Трамп Путинге Мәскеуге шабуыл жайлы айтып, сес көрсеткен деп жазған. Трамп жеңіске жеткен 2024 жылғы сайлау туралы кітапта журналистер Трамптың демеушілермен кездесудегі әңгімесінің мазмұнын баяндаған еді. Алайда аудионың өзі алғаш рет жарияланып отыр.

Аудиотаспадағы әңгіме ауанына қарағанда, Трамп алғашқы президенттік мерзімі тұсында (2017-2021 жылдары) болған жағдайларды баяндағанға ұқсайды.

"Мен Путинге: "Егер Украинаға басып кіретін болсаңыздар, Мәскеуді бомбалап жайпап тастаймын. Басқа амалым қалмайды" деп айттым", – деген ол.

Трамптың сөзінше, Путин әлгіндей қатер шынымен бар деп санамайтынын айтып жауап қатқан, бірақ Трамптың ойынша, "шамамен 10 пайыз" сенген. АҚШ президентінің пікірінше, Мәскеуге шабуыл жасалуы мүмкін дегенге 5 пайыз сенімнің өзі Ресейді тежеп ұстауға жеткілікті болар еді.

Осы аудиотаспада Трамп Қытай көшбасшысы Си Цзиньпинді де егер Тайваньға басып кіретін болса, Пекинге шабуыл жасалады деп ескерткенін айтқан. Трамптың сөзінше, Си де ол ескертуге "10 пайыз" сенген.

Дональд Трамп бұған дейін бірнеше рет: "Егер 2022 жылы мен президент болғанымда, Ресей Украинаға басып кірмес еді", – деп мәлімдеген. Ол 2022 жылғы 24 ақпанда басталған соғысқа сол кезде АҚШ президенті болған Джо Байденді кінәлайды.

Кремль бұл аудиожазбаның жариялануына байланысты әзірге пікір білдірген жоқ.

АҚШ Украинаға қару-жарақ және өзге де көмек көрсетіп отыр, алайда Украинаға америкалық сарбаздарды жібермейтінін немесе басқадай жолмен әскери қақтығысқа тікелей араласпайтынын бірнеше мәрте мәлімдеген. Байден әкімшілігінен айырмашылығы, Трамп әкімшілігі Ресейге қатысты риториканы біраз жұмсартып, бейбіт келісімге келу қажет екенін айтып жүр. Алайда кейінгі күндері Трамп Ресей президентін және оның соғысты тоқтатуға ниет білдірмей отырғанын қатаң сынға ала бастады. Сейсенбі, 8 шілде күні АҚШ президенті Ресей басшысын "бізге небір бос сөзді көп айтты", жылы шырай танытқанымен, бейбітшілікке қол жеткізу үшін дым бітіріп жатқан жоқ" деп сөкті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Ресейге қосымша санкция енгізуі мүмкін екенін айтты