Солтүстік Корея Ресейге 12 млн снаряд жеткізген болуы мүмкін

Ресей президенті Владимир Путин және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын. 19 маусым, 2024 жыл.

Солтүстік Корея Ресейге артиллериялық снаряд жеткізіп жатыр, Пхеньян барлығы 152 мм калибрлі 12 млн снаряд жеткізген болуы мүмкін. Бұл жөнінде Оңтүстік Корея барлау қызметіне сүйенген "Ренхап" агенттігі жазды.

Барлау қызметінің дерегінше, осыған дейін Солтүстік Корея Ресейге артиллериялық снаряд тиелген шамамен 28 мың контейнер жөнелткен.

"Ренхаптың" жазуынша, 2024 жылдың қазанынан бері Пхеньян Ресейге шамамен 13 мың әскерін жіберген. Бұған дейін Оңтүстік Корея барлау қызметі биыл шілде мен тамыз айларында Солтүстік Корея тағы қосымша әскерін жіберетінін айтқан еді.

Былтыр Ресей мен Солтүстік Корея ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған, онда өзара әскери көмек туралы пункт те бар. Былтыр күзден бері Оңтүстік Корея барлау қызметі мен Батыс елдерінің арнайы қызметі Ресейге солтүстіккореялық сарбаздардың келгенін хабарлаған. Олар Украина әскерімен шайқастарға қатысқан. Ізінше олардың бір бөлігінің соғыста қаза болғаны хабарланды.