Мәскеудің екінші Батыс округтік әскери соты жазушы Борис Акунинді (шын аты-жөні — Григорий Чхартишвили) сырттай 14 жылға бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот оны терроризмге жәрдемдесу, терроризмді ақтау және "шетел агенті" ретінде заңда белгіленген міндеттерін орындамау баптары бойынша айыпты деп таныды. Бұған қоса сот жазушыға 400 мың рубль көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеп, жазасын өтегеннен кейін 4 жыл бойы интернет-сайттарды басқаруға тыйым салды.
Сот үкіміне сәйкес, Акунин жазаның алғашқы төрт жылын түрмеде, ал қалған 10 жылын — қатаң режимдегі колонияда өтеуге тиіс.
Прокурор соттан Акунинге 18 жыл түрме жазасын сұраған.
Прокуратура Борис Акунин 2025 жылғы 11 қаңтар мен 24 сәуір аралығында Telegram-арнасында "шетел агенті қызметіне" қатысты екенін көрсетпестен кемінде 33 материал жариялап, заң бұзды деген.
Акунинге "терроризмді ақтау" айыбы 2024 жылғы 18 ақпанда жазушының Telegram-арнасында жариялаған жазбасына байланысты тағылған. Ол постында Акунин: "Қазір мен революцияны қолдаймын, өйткені диктатурадан басқа жолмен құтылу мүмкін емес. Сайлау жоқ және болмайды да, режим қарсыластарын өлтіреді немесе түрмеде шірітеді. Иә, революция — бұл жарылыс. Бірақ тарихта жарылыстан өзге жолмен тазартуға келмейтін қопарылыстар болады" деп жазған еді.
Жазушыны "террористік қызметке жәрдемдесу" деген айыптауға айғақ ретінде Акуниннің Вован және Лексус есімді пранкерлермен телефон әңгімесі аталды. Олар өздерін Украина президенті Владимир Зеленский мен мәдениет министрі Александр Ткаченкомыз деп атап, жазушымен сөйлескен. Сол әңгімеде Акунин жеңіске "шайқас алаңында емес, тек ақыл мен жүректе жетуге болады" деп, Ресей мен Украина мәдениет қайраткерлерін бірігуге шақырған. Бұған қоса ол ресейлік әскери қызметкерлерді тұтқынға беріліп, Украина жағына шығуға белсендірек үгіттеуді ұсынған.
Қазіргі кезде Борис Акунин Францияда тұрып жатыр. Ол өзіне қарсы қозғалған іс бойынша Ресейдегі сот процесіне қатыспайтынын, оны мойындамайтынын және "арзан қойылым" деп есептейтінін мәлімдеген. Ресей билігі оған қорғаушы етіп тағайындаған адвокат сотта жазушының кінәсіз екенін айтқан.